АИТВ-инфекциясы – адамның иммун тапшылығы вирусы туындатқан, иммундық жүйенің ерекше зақымдануымен сипатталатын және жүре пайда болған иммун тапшылығы синдромы қалыптасқанға дейін оның баяу бұзылуына алып келетін созылмалы инфекциялық ауру.
Адамда АИТВ вирусын тек қанды тестілеу арқылы анықтауға болады,қаннан АИТВ вирусы анықталған адам АИТВ жұқтырған деп аталады. АИТВ инфекциясы әлеуметтік маңызы бар аурулар тобына жатады. АИТВ жұқтырғандар медициналық көмектің тегін кепілдендірілген көлемін алады. Егер АИТВ жұқтырған адам ретровирусқа қарсы емді жүргізбесе инфекция асқынып,адам ағзасында түрлі қайтымсыз аурулар бой көтеріп,адамның иммундық жүйесі қызметі әлсіреп ЖИТС-қа әкеледі..
АИТВ жұқпасы тек адамнан адамға биологиялық сұйықтықтары арқылы жұғатын инфекция. Адам ағзасының қаны, ана сүті,ерлер шәуеті,әйелдің қынап сұйықтығы жұқтыру қаупі жоғары сұйықтықтарға жатады. Сондықтанда АИТВ инфекциясының қан арқылы,жыныстық жолмен және анадан балаға тігінен берілу жолдары дәлелденген. Бұл жұқпаға саналы ,ақыл есі дұрыс,дұрыс жолмен жүретін,бір ғана жыныстық серіктесі бар адамдар шалдыға бермейді. АИТВ жұқпасына жаман әдетке үйір,миы нашаға,,ішімдікке, шылымға уланған, қорғалмаған жыныстық қатыста болған , бір мезетте бірнеше жыныстық серіктесі болған адамдар шалдығады. Қазіргі кезге дейін АИТВ инфекциясынан толық айықтыратын дәрілік препараттар шыққан жоқ. Бұл инфекцияға қарсы вакцина жоқ. Медицинада тек адам өмірін ұзартатын,ағзадағы вирустың көбейуіне жол бермейтін ретровирусқа қарсы дәрілік препараттар бар. Айта кетерлігі бұл ретровирусқа қарсы препараттарды АИТВ жұқтырғандар үздіксіз өмір бойына қабылдайды. Дегенменде адам АИТВ жұқтырдым екен деп өмірден түңілмеу керек. Медицинада дәлелденген ретровирусқа қарсы дәрілердің арқасында АИТВ жұқтырғандар өз өмірлерін ұзарта алады, қандағы вирустың мөлшерін анықталмайтын деңгейге жеткізе алады және де басқа да оппортунистік аурулардың алдын алады.
Аурушаңдықтың қазіргі деңгейінде және бірінші орында жыныстық қатынас жолдары арқылы жұқтыру болғандықтан, АИТВ жұқтыру мүмкіншілігін ешкімде жоққа шығара алмайды, сондықтан репродуктивті жастағы азаматтар қауіп аймағында тұр. Адамның иммун тапшылығы вирусын жұқтыруға АИТВ жұқтырған адаммен бір ғана жыныстық қатынаста болу жеткілікті. Сондықтан – кездейсоқ және ерте некесіз жыныстық қатынастардан аулақ болыңыздар, АИТВ-мәртебесі туралы сізге белгілі болған бір жыныстық серіктеске адалдықты сақтаңыздар, егер серіктесіңіздің АИТВ- мәртебесі туралы білмесеңіздер, сондай-ақ әрбір кездейсоқ жыныстық қатынаста мүшеқапты пайдаланып, үнемі АИТВ-ға тестілеуден өтіп тұрғандарыңыз абзал. Жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың болуы АИТВ жұқтыру қаупін 2-3 есеге арттырады, осыған орай мұндай ауруларды уақтылы емдеу АИТВ-ның алдын алу болып табылады. Жүкті әйелдер жүктілік кезінде міндетті түрде екі рет АИТВ-ға тестілеуден өтуі керек, АИТВ анықталған жағдайда, әйелге жүктіліктің 14 аптасынан бастап баладағы АИТВ-ның алдын алуға арналған ретровирусқа қарсы дәрі-дәрмектер тағайындалады, баланың жұғу қаупін азайту үшін әйелге кесар тілігі әдісімен босандыру ұсынылады, бала туғаннан кейін жасанды тамақтануға ауыстырылады. АИТВ- ға шалдығушылар санын азайту үшін кез келген адам сақтану шараларын білу керек. АИТВ инфекциясымен тек медицина саласы күреспеу керек. Жалпы қоғам болып күресіп, салауатты өмір сүріп,зиянды әдеттерден аулақ болып, бір ғана жыныстық серіктеспен өмір сүрсе,АИТВ -ға шалдығушылар саны төмендер еді.
Жалағаш аудандық психологиялық-әлеуметтік
кеңес беру кабинеті дәрігері Бекниязова.А