There is no translation available.

 

Туберкулез  жұқпасының таралу жолдары мен көздері.

Туберкулез- тұрғындардың денсаулығына біршама нұқсан келтіретін әлемде ең ауқымды таралған жұқпалы аурулар қатарына жатады. 1993жылы Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау Ұйымы туберкулезді жалпы қоғамдық денсаулық сақтау жүйесінің глобальды мәселесі деп жариялады. Қәзіргі таңда жер бетіндегі бүкіл халықтың 1/3 бөлігі туберкулез микобактериясын жұқтырған, ал жыл сайын жуық шамамен 8,4 млн туберкулездің жаңа жағдайлары тіркелсе ,шамамен 2млн адам осы аталған аурудан көз жұмады.

Туберкулез –«туберкулез микобактериясының» адам ағзасына түсуінен дамитын жұқпалы ауру. 1882 жылы неміс ғалымы Роберт Кох туберкулез микобактериясын ашты. Бактерияны микроскоппен қарағанда иілген  жұқа таяқша түрінде көрінгендіктен  оны «туберкулез таяқшалары» деп атайды. Туберкулез микобактериялары қоршаған ортаның әсеріне төзімді болып келеді.Олардың таралуына ең қолайлы адам денесінің температурасы  болғандықтан ,олар адам немесе жануар ағзасында тез тарайды.Микобактериялар ағзадан тыс жерде тарай алмайды,бірақ қараңғы ,жылы, дымқыл жағдайларда өздерінің өмір сүру қабілеті мен жұқпалылығын ұзақ уақыт бойында сақтай алады.

Туберкулез бактериялары адам ағзасына әртүрлі жолдармен ене алады, сондықтан сау адамдардың бұл жұқпаның алдын алу мақсатында, сақтану жолдарын білген жөн.

Инфекцияның негізгі таратушысы – сөйлегенде, түшкіргенде және жөтелген кезінде айналасына туберкулез микобактерияларын шығаратын өкпе туберкулезінің ашық түріне шалдыққан науқас адам болып табылады. Тыныс алғанда тамшылар іспеттес туберкулез микобактериясы адам өкпесіне енеді,сондықтан мұндай шалдығу «ауа-тамшылы» шалдығу делінеді. Сондықтан әрбір жөтеліп жүрген ауруға шалдыққан адам қақырығын арнайы контейнерге – түкіргішке түкіріп, ұқыпты жинау керек және оны төккенде залалсыздандырып барып төгу керек. Микробтары бар шаң тозаң  ауамен бірге өкпеге барып сау адамды сырқаттауы мүмкін. Бұл «ауа-тозаңды» жұқтыру деп аталады. Адамның иммунитеті мықты болса ағзаға түскен микобактериялар дерт тудырмайды,ол жағдай ағзаның жұқтыру кезеңі деп аталады.Ауа жалпыға ортақ болғандықтан ешкім туберкулез микобактерияларын жұқтыру жағдайынан сақталмаған.  Індетке шалдыққан көп адамдардың өкпесінде лимфа түйіндерінде және басқа да мүшелерінде қорғаныс реакциялары қалыптасады, сол себепті ауру одан әрі асқынбайды. Індет жұқтырған адамдар дерт(көзі) таратушы болып табылмайды, себебі індетті жұқтыру- дертке шалдығу болып табылмайды. Туберкулез микобактериялары жылдап, тіпті ондаған жылдар бойы адам ағзасында болып, зиян келтірмейтін жағдайларда болады. Жұққан індет ағзадағы қорғаныс күштері әлсіреген жағдайда дертке ұласады. Бұған мынадай жағдайлар әсер етуі мүмкін:  күнкөріс жағдайының болмауы, жеткіліксіз тамақтану және дұрыс тамақтанбау, күйзеліске ұшырау, шылым тарту, ішімдік ішу, басқада аурулар-АИТВ, Қан диабеті, нашақорлық. Індет жұқтырған адамдардың 5-10% ғана туберкулезге шалдығу қаупіне ұшырайды. Туберкулез күрделі әрі анықталуы қиын ауру, оның індет жұқтырған адамдардың қайсысында жетіліп, өршуін анықтау мүмкін емес. Туберкулездің өршуі немесе жетілуінің негізгі факторы- иммунитеттің нашарлауы.

Сонымен қатар туберкулезге шалдыққан жануарларда туберкулез жұқпасының көзі болып табылады. Сондықтан сүтті шикі күйінде емес, тек қайнатып алып немесе пастерленгеннен кейін ғана ішу керек. Туберкулездің құрсақіші таралу түрі сирек кездеседі. Туберкулез сырқатының тұқым қуалаушылығы дәлелденбеген.

Туберкулезге шалдыққан жағдайда көбіне өкпеге зиян келтіреді. Басқа мүшелерге : лимфалық түйіндер, сүйек пен буындар, кеңірдек тарамы, бүйрек,ішек,ми,көзге зиян келтіру жағдайлары сирек кездеседі.

Тұрғындардың барлығы туберкулез белгілері жайлы толық хабардар болулары керек және сол белгілер пайда болған жағдайда ,денсаулығын тексеру мақсатында,емханаға қаралулары  керектігін  білулері қажет.   

1.2 аптадан аса уақыт жөтелу,

2.Жалпылай әлсіреу, тез шаршау,

3. тәбеттің нашарлауы, салмақ жоғалту,

4.кеуде клеткаларының ауруы, қан түкіру

5.ұзак уақыт дене қызуының көтеріліп тұруы,

6. тершеңдік.

Осы белгілердің біреуін немесе бірнешеуін өз бойыңыздан байқасаңыз дереу дәрігерге қаралу керек, егер жөтел пайда болса қақырық сараптамасын тапсыру қажет.Жөтелгенде және түшкіргенде сыпайылық сақтап,аузыңызды орамалмен жабуды ұмытпаңыз. Туберкулезі анықтаудың бірнеше тәсілдері бар.

  • «Xpert MTB / RIF» молекулярлық және генетикалық тәсілі.

Туберкулез қоздырушысын  2 сағат ішінде айқындайды және рифампицинге көнбейтін түрлерін анықтайды.

  • Қақырықты микроскопиялық зерттеу.

 Жөтел болған жағдайда қақырықты микроскоппен қарап  зерттейді. Бұл тәсілдің басымдығы-айналасындағы адамдарға қауіп төндіретін жұқпалы науқастарды анықтайды.

  • Кеуде клеткасының флюорографиясы.

Өкпе тіндеріндегі өзгерістерді анықтайды.

  • Манту сынамасы және диаскинтест.

Балалардағы туберкулезді айқындаудың  негізгі тәсілі болып табылады.

Дәрігерлер туберкулезге күдік туған жағдайда 

1.қажетті тексерулер жүргізеді.

(қақырық сараптамасы, өкпе рентгенографиясы,жалпы қан сараптамасы)

2.Сіздің бойыңызда қандай туберкулез: сезімтал немесе дәріге көнбейтін туберкулез екендігін анықтайды.

3.Ем схемасын белгілейді.

4.Науқаспен кеңесе отырып: оның қайда емделетінін анықтайды.(ауруханада немесе үйде)

 Туберкулезбен сырқаттанушыны қалай емдеуге болады?

Туберкулезбен сырқаттанушыны емдеу тегін жүргізіледі! Жұқпалы науқастар стационарда емделеді,ал ауаға микобактериялар бөлмейтін науқастар амбулаториялық  жолмен міндетті түрде дәрігердің  бақылауымен емделеді.Дәрілерді амбулаториялық қабылдау кезінде аурудың барысын ұялы телефон, планшет және мобильдік қосымшалардың (бейне бақылаулық емдеу)көмегімен қадағалайтын жаңа технологиялар қолданылуда.

        Қазіргі уақытта емнің тиімділігін арттыратын  туберкулезге қарсы дәрілер шығарылды.

         Індеттен толық айығу үшін ең бастысы туберкулез микобактериясына қарсы дәрілерді ем курсы аяқталғанша үздіксіз қабылдау.

     

          Науқастың өздігінен емделуі және емшілерден халық емін алуы індеттің кеш анықталуына, оның емделуінің ұзаққа созылуына , жақын жандарына жұқтыруына және қиын жағдайларға алып келетінін есте сақтаған жөн.

      Туберкулездің алдын алу, туберкулез дертіне шалдықпау   адамның  өз қолында. Иммунитетті, яғни ағзамыздағы қорғаныс қабілетімізді сақтап, төмен түсірмей күнделікті өмірдегі қарапайым қағидаларды орындауымыз керек.

  • Салауатты өмір салтын сақтау
  • Спортпен шұғылдану
  • Толыққанды тамақтану
  • Гигиена сақтау
  • Жаман әдеттерден:шылым тартудан,ішімдіктен,наркотикалық заттардан бас тарту
  • Таза ауада көп жүру, бөлмені жүйелі түрде желдету

         Егер сіздің деніңіз сау, бірақ науқаспен тығыз байланыста болсаңыз,науқас толық емделіп диспансерлік есептен шығарылғанға дейін жыл сайынғы тексерілуден өтіп тұрғаныңыз жөн.

Өз денсаулығыңызды күтіңіз! Медициналық тексеруден үнемі өтіп тұрыңыз ,соның ішінде флюорографиялық тексеруден міндетті түрде жыл сайын өтуді ұмытпаңыз.

Егер дер кезінде анықталса туберкулезден толық жазылатынын  есте сақтаңыз.

Сіздің денсаулығыңыз –өзіңіздің қолыңызда.

Аймақтық фтизиатр дәрігер.                                     Р.А.Ахетова

Корпоративтік басқару білімнің жинақталған саласын білдіреді, ол орыс терминологиясына аударылғанда бірнеше пәндерді қамтиды: қаржы, құқықтану, есеп, салық және т.б.
Денсаулық сақтау саласындағы шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның Байқау кеңесі туралы ережені, Қадағалау кеңесінің отырыстарын шақыру және өткізу қағидаларын бекіту туралы.