Елімізде ағымдағы жылдың сәуір айының 23-29 жұлдызы аралығында «Кең ауқымды толықтыра иммундау» деген ұранмен Еуропалық иммундау апталығы өткізілуде. Осыған орай сіздерге иммунопрофилактиканың, иммундаудың,  вакцинациялаудың түрлері, өткізілу уақыты және маңызы жайлы бір-екі ауыз сөз айтып өткім келеді.

Қазіргі заманғы ата-аналардың барлығы дерлік вакцинацияның не екенін біледі, бірақ олар баласының алдағы уақытта мына жағдайлардың біріне ұшырамауына сенімді бола алмайды:

  • баласы міндетті түрде қызылшамен ауыруы мүмкін және ауырған балалардың 1% өлу қаупіне ұшырайды, ал одан да ауыры – бала ауыр асқынуларды бастан кешіреді;
  • дифтериямен (күл ауруы) ауырудың 10-20% дейін мүмкіндігі бар және онымен ауырғандардың оннан бірі қайтыс болады;
  • көкжөтел ауруы кезінде 1-2 ай бойы ауыр жөтел болады және көкжөтел энцефалитіне шалдығуы мүмкін;
  • әрбір жарақаттан кейін анафилактикалық шоктың немесе басқа аллергиялық реакциялардың дамуын болдырмау үшін сіреспеге қарсы сарысуды алуға мәжбүр болады;
  • полиомиелитпен ауырғаннан кейін өмір бойы мүгедек болып қалу қаупі бар;
  • кедейлер мен байлардың ауруы болып бөлінбейтін туберкулез ауруынан қорғалмайды;
  • ол шошқамойын ауруымен ауыруы мүмкін және оның салдарынан бедеулікке ұшырауы мүмкін;
  • нәтижесінде созылмалы гепатит, цирроз және бауыр қатерлі ісігінің дамуымен қауіпті болып саналатын В гепатитін жұқтыруы мүмкін;

Осы жоғарыдағы жағдайлардың алдын алудың бірден бір маңызды жолы – иммунопрофилактика.

Иммунопрофилактика дегеніміз – профилактикалық егулер жүргізу арқылы жұқпалы аурулардың таралуын болдырмау, шектеу және жою мақсатында жүзеге асырылатын іс-шаралар жүйесі.

Профилактикалық екпелер – жұқпалы ауруларға ерекше иммуносупрессивтілік (бұл иммундық жүйенің белсенділігі немесе тиімділігінің төмендеуі) жасау үшін адам ағзасына медициналық иммунобиологиялық препараттарды енгізу.

Ал, бұл жердегі медициналық иммунобиологиялық препараттар дегеніміз – жұқпалы ауруларға ерекше иммунитетті қалыптастыруға арналған вакциналар, анатоксиндер, иммуноглобулиндер және өзге де дәрілік заттар.

Вакцинация біздің иммундық жүйемізге кедергі келтіре ме?

Иә. Бірақ біздің иммундық жүйеміз бөгде денелерден біздің денемізді қорғау үшін сырттан келетін бөгде нәрсеге бірден жауап беру үшін жаралған. Вакцинация қандай да бір төтенше иммунологиялық араласу емес. Күн сайын біз ағзамыз ондаған жаңа антигендерді кездестіреді – бұлар микробтар мен вирустар, тамақ өнімдері, үй шаңы, жүздеген өсімдіктердің тозаңы және сонымен қатар, біздің әңгіме қылып отырған вакциналармыз, вакцина – бұл басқа антиген, бірақ, вакцинаның басқалардан айырмашылығы, ол ағзаға пайда әкеледі, оны инфекциялардан қорғайды.

 

Инфекцияларға туа біткен иммунитет бар ма?

Жоқ. Жаңа туылған нәрестелер анасынан нәрестені өмірінің алғашқы айларында ғана қорғайтын қызылшаға, паротитке және бірқатар басқа инфекцияларға қарсы антиденелер алады. Антиденелер жойылған кезде қорғаныс та тоқтайды, сондықтан нәресте өмірінің екінші жартыжылдығындағы балалар қызылшаға шалдығып қалу қаупі өте жоғары және ол көбінесе өте ауыр дәрежеде болуы мүмкін. Күл (дифтерия), көкжөтел (коклюш), сіреспе (столбняк), туберкулез, полиомиелит және В гепатитінің қоздырғыштарына қарсы антиденелерді жаңа туған нәресте анасынан қорғаныс әсерін қамтамасыз ете алмайтын аз мөлшерде ғана ала  алады, сондықтан бұл инфекцияларға қарсы вакциналар нәрестеге өмірінің алғашқы айларында-ақ  енгізіле бастайды.

Біздің елімізде егулер Ұлттық күнтізбе бойынша жүргізіледі. Профилактикалық егулердің ұлттық күнтізбесі дегеніміз – азаматтарға профилактикалық егулерді жүргізу мерзімдері мен тәртібін белгілейтін нормативтік құқықтық акт болып табылады, сәйкесінше ол елімізде жүргізілетін егулердің тізбесін және вакцинация мерзімдерін айқындайды.

Бала өміріндегі ең алғашқы екпелердің бірі ол – БЦЖ, яғни, туберкулезге қарсы екпе – ол бала өмірінің алғашқы  3-5-ші күнінде жасалады және  туберкулезбен ауыру қаупі жоғары топқа жататын 6 жастағы балаларға жасалады.

БЦЖ екпесі неге маңызды? Себебі, біздің елде көп дәріге төзімді туберкулез кең таралған, мұндай туберкулезді жұқтыру өте оңай, бірақ, оны емдеу өте қиын, кейбір жағдайларда тіпті мүмкін емес, сонымен қатар БЦЖ вакцинасы туберкулез кезіндегі асқынулардан қоғайды.

Гепатит В. Бұл екпе де перзентханада басталады. Жаңа туған нәрестелер өмірдің алғашқы 12 сағатында, 2 және 4 айлық кезеңінде алады.

В гепатиті вирусын тасымалдаушы аналардан туылған балалар босану кезінде өте жиі жұқтырып алатындықтан, олардың вакцинациясы өмірінің бірінші күнінен басталады.

В гепатиті – жиі созылмалы түрге ауысатын және цирроз бен бауыр қатерлі ісігінің себебі болып табылатын ауыр ауру. В гепатитіне қарсы вакцинация ұзақ мерзімді иммунитеттің дамуына әкеледі. Сондықтан балалық шақта жүргізілген вакциналар өмір бойы аурудың алдын алады.

Күл(дифтерия) – жөтелгенде немесе түшкіргенде ауа арқылы таралатын жоғарғы тыныс алу жолдарының ауруы.

Көкжөтел(коклюш) – кем дегенде 2 аптаға созылатын спастикалық, үрген сияқты жөтелмен қатар жүретін жұқпалы ауру.

Сіреспе(столбняк) – бұлшықеттің тоникалық немесе ауыр жиырылуының жедел басталуымен сипатталатын жұқпалы ауру.

Міне осы жоғарыда аталған үш ауруға қарсы бір екпе, ол күл, көкжөтел, сіреспеге қарсы екпе –  2, 3, 4, 18 айлық, 6 жастағы балаларға жасалады.

Полиомиелит – сал ауруының дамуымен және сіңір рефлекстерінің болмауымен,  жедел басталуыен сипатталатын ауру, полиомиелиттің емі жоқ, жұқтырған бойда бірнеше сағат ішінде-ақ жүйке жүйесін күйретеді және салдануға апарады.

Полиомиелитке қарсы екпе – 2, 3, 4, 12-15, 18 айлық балаларға

Үш инфекцияға қарсы бір вакцина, яғни, қызылша, паротит, қызамыққа (КПК) қарсы екпе – 12-15 айлық және 6 жастағы балаларға жүргізіледі.

Қызылшаға қарсы күрестегі жетістіктер жас балаларда аурудың күрт төмендеуіне әкелді. Паротит вирусы көбінесе ұйқы безін зақымдайды, ол ұйқы безінің қабынуына әкеледі (панкреатит) немесе ми қабығын зақымдайды, ал, ол өз кезегінде ми қабығының қабынуына (менингит) әкеледі, сонымен қатар қабынуы бедеулікке әкелетін жыныс бездерін (аталық бездер мен аналық бездерге) зақымдауы мүмкін. Ата-аналар үшін соңғы асқынудың алдын алу өте қажет, ал, вакцина іс жүзінде ешқандай реакция мен асқынулар бермейді.

Гепатит А.  Адамның жасы неғұрлым үлкен болса, инфекцияның ауыр өту ықтималдығы жоғары болады. Кейбір жағдайларда өліммен аяқталуы мүмкін.  А гепатитіне қарсы вакцина облыстық бюджет есебінен сатып алынады. Оны ВГА індеті өршіп тұрған жердегі немесе созылмалы В және С гепатиті бар барлық 2 жас пен 14 жасқа дейінгі балалар тегін ала алады.

Қорытындылай келе, құрматті ата-аналар, сіздерді әрбір вакцинаның енгізілу уақыты, әрбір дозасы маңызды екенін ескере отырып, балаларымыздың жарқын болашақта еш аурусыз, еш алаңсыз, еш асқынусыз емен-жарқын өмір сүруі үшін, әрбіріңіз өз балаларыңызды уақытылы, жеткілікті дозада екпелермен қамтуға, яғни профилактикалық екпелер жасатуға  шақырамын!

Ахетова Балауса Адисқызы, Жалағаш аудандық ауруханасының егу картотекасы кабинеті медбикесі.

Корпоративтік басқару білімнің жинақталған саласын білдіреді, ол орыс терминологиясына аударылғанда бірнеше пәндерді қамтиды: қаржы, құқықтану, есеп, салық және т.б.
Денсаулық сақтау саласындағы шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның Байқау кеңесі туралы ережені, Қадағалау кеңесінің отырыстарын шақыру және өткізу қағидаларын бекіту туралы.