Жалағаш аудандық емханасында 19.06.2019 жылы "Fulcrum Foundation" азаматтық бастамаларды қолдау қорының президенті А.Асанбаеваның ұйымдастыруымен аудан көлемінде отбасылық құндылықтарды насихаттау, гендерлік саясатты жүзеге асыру, әлеуметтік қызметін жүзеге асыру аясында батыр аналар, жас аналар және дәрігерлерге арналған "Болашақ ананың бейнесі" атты кездесу өткізілді.
Кездесу барысында қатысушыларға қазақтың тарихында киелі отбасының қасиетті ұрпақтары туралы, олардың ел өміріндегі алатын орны, сіңірген еңбегі, қалдырған рухани байлығы, үлгі боларлық тірліктері, өнегелі өмірлері туралы мысалдар келтірілді. Халқымызда «Отан отбасынан басталады» деген қарапайым қағидат қай дәуірде болсын өзгерген емес, өзгермек те емес. Елбасы «Отбасы – Қазақстан қоғамының діңгегі, экономикадағы, мәдениеттегі, әлеуметтік саясаттағы барлық жаңа жетістіктерінің негізі» деп бұл мәселенің біздің қоғам үшін маңызын көрсетіп берді. Өкінішке орай, қазіргі қазақ қоғамында отбасы құндылықтары құлдырауға ұшырап бара жатқаны ащы да болса ақиқат. Отбасылық құндылықтарды насихаттау мақсатында емхана қызметкерлерімен тренинг жүргізіліп, белсенді қатысушылар "Алғыс хатпен" марапатталды. Кездесудің негізгі мақсаты Отбасы тәрбиесінде ата-ананың балаға тәрбиелік ықпалын арттыру, тәрбиелік ықпалының ерекшеліктерін ашып көрсету. Ұрпақ тәрбиесінде халық педагогикасының жүйелері, яғни жүрек пен ақыл тәрбиесі арқылы тәрбиелеудің маңызын ашып көрсету.Тәрбиенің ең тамаша жері - отбасы екенін,олардың бала тәрбиесіндегі мүмкіндіктерінің жоғары екендігін және бүгінгі заман талабынан шығатынын дәлелдеу.